Ғабит Нұрәділ, «Бал – Ара» Ұлттық омарташылар одағының вице-президенті: омарташылықтың болашағы зор

Оцените материал
(1 Голосовать)

Ғабит Нұрәділ, елімізде омар­ташылықты дамыту, яғни сапалы да таза бал өндіру ісінде қандай шаралар жүзеге асырылуда?

– 2010 жылы республикалық «Бал – Ара» ұлттық омарташылар одағы құрылып, ара шаруашылығын өркендету мақсатында бағдарла­малар әзірлене бастады. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін алда тұрған тапсырмаларды жүйелі түрде шешу қажет. Ең ал­дымен, тұқымдық шаруашылықпен айналысатын зауыттар мен омар­таларды ашу, «бал конвейерін» ұйымдастыру, омарта өнімдері жайлы халық арасында насихат жүргізу және қолда бар тауарды сату, ұлттық бал өнімдерін шетел­дерге шығаруды жолға қою бойын­ша ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру қажет. Басты нәрсе сол, омар­ташылықты дамыту ел Үкіметінің ауыл шаруашылығын дамыту бағ­дарламасына сәйкес жүргізілуде. 

Омарташылықты дамыту бағытын­дағы ауқымды жобалардың бірі – еліміздегі тұзды-сортаңды ал­қаптардың көлемін мүмкіндігінше азайтып, ол жерлерге түйе бұршақты және басқа да бал нәрлі өсімдіктерді егу мен оларды ауыл шаруашылығы айналымына енгізу. Ел омарташы­ларының бұл саладағы ең үлкен табысы – 2011 жылы Аргентинада өткен 42 – Апимондия халықара­лық омарташылар бірлестігі федера­ция­сының конгресінде Қазақ­станның «Бал – Ара» ұлттық омарташылар одағы ресми түрде осы ұйымға мүшелікке қабылдан­ды. Жалпы, біздің одақтың алға қойған басты мақсаты – елімізде бал өндіріп жатқан омарта­шы­лардың қызметін қадағалап, оларға мүмкіндігінше көмек көрсетіп отыру. Сондай-ақ омарташылық саласында жаңа технологияларды енгізу мақсатында отандық және шетелдердегі ғылы­ми-зерттеу мекемелерімен өзара тәжірибе алмасуды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы дақылдары­­­-ның өсімін тозаңдандыру тәрізді іс-шараларды мезгілінде жүзеге асыруға қолғабыс жасау.

 

Қазіргі күні Қазақстанда қанша омарташы бар? Олардың қандай да бір жетістіктері бар ма?

– Қазір бізде шамамен 12 мың омарташы бар. Мұның өзі омар­ташылық кәсіптің көптеген адам­дардың сүйікті кәсiбіне айналып отырғанын білдіреді. Қуаныштысы сол, қазіргі уақытта бал арасын өн­діру бірқатар аймақтарда отба­сылық бизнеске ұласуда. Ара ба­лының ғажайып емдiк қасиеті бар екенін бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Бұл туралы қасиеттi Құран Кәрiмде де жазылған. Араның тек адамның денсаулығына емес, қоршаған ортаға да тигізетін пайдасы орасан зор. Мысалы, кә­дуілгі қара топырақтың құнар­лылығын қалпына келтiруде ара айрықша маңыз атқарады. Қазіргі уақытта елiмiздiң шығыс өңiрiнде омарташылық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облыстық әкiм­дiгiнің ұйымдастыруымен аймақта биыл үшінші жыл халықаралық бал жәрмеңкесi өткiзiлдi. Бұл жәрмең­кеге жыл сайын бiрқатар мемле­кеттерден арнайы делегациялар қатысуда. Атап айтқанда, осы өңірде өткен III халықаралық бал жәрмеңкесiне Апимондия ха­лық­аралық омарташылар бірлес­тігі федерациясының президентi Жиль Ратия арнайы қатысты. Ол – еліміздің табиғатының ерекшелігіне ай­рықша сүйсініп қана қоймай, атқарылып жатқан іс-шаралардың нәтижесінде, Қазақстанның ал­дыңғы қатарлы бал өндiрушi мемлекетке айналатынын зор сенiммен айтты. Мәртебелі мейман Жиль Ратия осы жолғы сапарында қазақстандық омарташыларға «Омар­ташылықтың дамуы: экологияның бал арасына әсерi мен қаупi» деген тақырыпта дәрiс оқып, нақты іс-тәжірибесімен бөлісті. Бұған қоса, омарташылардың бiлi­мiн көтеру мақсатында Израильден, Ресейден омарташы ғалым-маман­дар келiп, арнайы семинар-лек­циялар өткiздi. Мұндай семи­нарларға облыстық омарташылар қауымдастығының өкiлдері, әр облыстан омарташылар келiп, бiлiмдерiн толықтырды.


Жалпы, қазақтың омарташы­лыққа, яғни бал арасын өсіріп, таза бал алуға деген ынтасы қандай?


– Бұл орайда айтарым, ел ара­сында «қазақ баласы омарташы бола алмайды» деген қағида қалып­тасқан. Алайда біздің омарташы­ларымыз ерінбей еңбектенген қазақтың бал арасын ұстап, таза бал алу қолынан келетінін дәлелдеп отыр. Соның нәтижесінде, біз бал араларындай еңбекқорлықты, шыдамдылықты талап ететін омарташылықты қазақтың кәсібі ретінде дәріптеп жүрміз. Бір қызық жайт, бүгінгі күні балалардың барлығы министр, заңгер, қар­жыгер, кәсіпкер болуды арман­дайды. Омарташы болуды арман­дайтын жастар өте аз. Шындығы сол, дәмі тіл үйіретін, емдік қасиеті орасан зор балды біздің қазекең өте жақсы көргенімен, ара шаруашы­лығын ұйымдастырып, сол балды өздері өндіруге соншалықты қызықпайды. Әрине, бұл өте өкінішті. Дегенмен қазіргі күні бұл көзқарас біртіндеп өзгеруде. Мысалы, бал арасын өсіруге қызы­ғушылық білдіріп, Омарташылар одағына кеңес алуға келетін жас қазақ балалары да жоқ емес.


Омарташылықпен айналысып, бал арасын өсіру, бал алу оңай шаруа емес. Осы жағынан келгенде омарта­шылықты дамытуда қандай да бір проблемалар бар ма? Болса қандай?


– Қазір бал шаруашы­лығын дамыту әлем елдерін де тығырыққа тіреп отыр. Мұның басты себебі,бал арасы санының жылдан жылға азаюы – гүлді өсімдіктің тозаң­дануына кері әсерін тигізуде. Оның үстіне, гүл іздеп алысқа ұшып шық­қан аралардың кері қайтып, омар­тасына жете алмай, өліп қалатын сәттері де орын алуда. Осындай оқи­ғалардың сал­дарынан бал арала­рының азаюы – азуы алты қарыс Американың мамандарын да қатты алаңдатуда. Себебі, бал арасы саны­ның азаюы салдарынан АҚШ жыл сайын 10-14 миллиард доллар көле­міндегі таза табыстан қағылуда. Атақты физик Альберт Эйнштейн­нің сонау ғасыр­дың өзінде «егер бал арасы құритын болса, онда төрт-бес жылдан кейін адамзат баласы да жойылады» деген пікірді айтқаны бар. Осы мә­селені жан-жақты зерт­теген Еуропа ғалымдары «ең­бекқор ара­лардың өліміне Азиядан Еу­ропаға жүкпен бірге жеткен Varroa кенесі себеп болуда» деп дабыл қағуда. Сондық­тан бізде өз елімізде бал арасы өліміне жол бермеу үшін нақты шараларды қолға алудамыз. Нәтиже – жаман емес.


Біраз бұрын менің ШҚО-да омарташылықпен айналысатын бір мектеп оқушысымен кездескенім бар. Сонда, әлгі баланың омарта­шы­лыққа, бал арасын өсіруге деген құш­тарлығына тәнті болдым. Мұны айтып отырғаным, қазір қазақ жас­тарының омарташылықты кәсіп етуі қандай және «омарташы болам» деген жастардың білімдерін жетілдіру мәселесі қаншалықты жолға қо­йылған?


– Сөзіңіздің жаны бар. Сондық­тан біз арадай еңбекқорлықты, шыдамдылықты талап ететін омарташылық ісін қазақтың негізгі кәсібіне айналдыратын уақыт келгенін әр аймақта дәріптеп те, насихаттап та жүрміз. Рас, қазіргі күні омарташы болуды армандайтын жастар бар, бірақ өте аз. Тәуелсіз еліміздегі осындай ахуалды ескеріп, біз 2011 жылы 30 жас жігіт пен қызды бал өндіру кәсібін үйренуге Израильге жібердік. Польшаның Люблин қаласында Еуропадағы ең жақсы орта арнаулы оқу орында­рының (техникум) бірі болып са­налатын «Пчеловолье» атты оқу орны бар. Осы оқу орнының «Шебер омарташы және кулинар» деп аталатын бөлімінде қазіргі күні қазақстандық 21 студент білім алуда. Бір қуантатыны, соңғы уа­қытта еліміздің бірқатар оқу орын­дары да жастарды омарташы мамандығына дайындай бастады. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық Аграр­лық университетінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Саратовка мен Қатонқарағай кол­ледждерінде бірталай жасөспірім омарташы мамандығын игеруде. Бұған қоса, қазір еліміздің жоғары оқу орындарындағы магистранттар мен докторанттардың кейбіреулері омарташылық кәсібі жөнінде дипломдық тақырыптарды таң­дап,қорғауға құлшыныс танытып жүр. Жасыратын түгі жоқ, менің өзім Ресейдің Рязань облысы, Рыбный қаласындағы жүзжылдық тарихы бар «Омарташылар акаде­миясында» оқып жүрмін. Бұйырса, биыл диплом аламын. Қызым да сол білім ордасында оқиды. Шындығы сол, көпшілік жастардың осы оқу орнында білім алуына қаражаттың жоқтығы қолбайлау болуда. Тағы бір мәселе, біздің қашықтықтан оқыту туралы ұсынысымыз Ресей Федерациясының білім туралы заңына сәйкес келмеді. Сондықтан 2013 жылы «Омарташылар акаде­мия­сының» профессорлары Алма­тыға арнайы келіп, барлық облыс­тардан жиналған 30 омарташыны бір ай бойы оқытты. Олар осы жылдың желтоқсан айында диплом қорғауға Рыбный қаласына атта­нады. Сөйтіп, біздің Одақ жоғары білімді 35 омарташыны дайындап шығармақ. Келесі жылдың қаң­­тар – ақпан айларында академияға екінші қабылдау жасаймыз. Біз жастарды омарташылық кәсіпке баулу мақсатында мектептермен, Қазақстан халқы ассамблеясының ұлттық мәдени орталықтарымен тығыз қарым-қатынас жасаудамыз. Бұған қоса, облыстарға іс-сапарға шығып, тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Тағы бір маңызды іс-шара, біз Қазақ ұлттық Аграрлық университетінің профессорларымен бірлесіп, магистранттар мен докторанттарға ауадай қажет «Ара шаруашылығы» атты оқулықты қазақ тілінде дайындап, басып шығардық. Бердібек Сапарбаев ШҚО-ны басқарып тұрғанда елімізде өсетін өсімдіктердің атласының жарыққа шығуына қол ұшын берді. Мұндай қолданбалы оқулық-кітаптарда омарташылар, өсімдіктер туралы, олардан қанша нәр, қанша бал алуға болатыны туралы өте маңызды мағлұматтар қамтылған. Қазақстан омарташылары ұлттық одағының «Bal-ara.kz» атты ресми сайты жұмыс істейді. Біз бастапқы жыл­дары барлық күш-жігерімізді дүниежүзілік омарта­шылар қа­уымдастығына кіру мақ­сатына жұмсадық. Қазіргі уақытта елімізде бал өндіру кәсібін барынша жолға қоюға Қазақстанның ал­ғашқы Премьер-министрі болған, көр­некті қоғам қайраткері, Қазақ­стан омарташылары ұлттық одағы­ның төрағасы Сергей Терещенко орасан зор үлес қосып келеді.

 

Омарташылықты кәсіп етуге ниет білдірген тұрғындар істі неден бастауы керек? Өзіңіз басқаратын «Бал – Ара» одағы нақты қандай іс-шараларды жүзеге асырды?


–Қазақстан Республикасының «Омарташылық туралы» заңы жалпы ара шаруашылығымен ай­налысатын жеке азаматтар мен заң­ды тұлғалардың мүддесі мен құ­қығын қорғайды. Сондай-ақ омарта өнімін арттыру, араларды ауылша­руашылық өсімдіктерін тозаңдан­дыруға пайдалану, аралардың омарта санын көбейту, т.б. мәсе­лелерді реттейді. Ең бастысы, ара шаруашылығымен айналысу үшін мемлекет тарапынан ешқандай рұқсаттың қажеті жоқ. Жеке және заңды тұлғаларға омартаны орналастыру үшін Жер кодексіне сәйкес заң талабы бойынша қажетті жер беріледі. Сондай-ақ тәжірибе алмасу мақсатында семинарлар ұйымдастыруға ақпараттық маркетингтік жағдай жасалады. Омарташылықты ғылыммен қам­тамасыз ету және білікті кадрлар да­йындауда аграрлық оқу орында­ры мен ауылшаруашылық инсти­тут­тары үлкен үлес қосуда. Жергі­лік­ті атқару органдары Қазақстан Рес­публикасының «Асыл тұқымды жануарлар» жөніндегі заңына сәй­кес осы салаға мемлекет есебінен жан-жақты қолдау көрсетеді. Ұлттық омарташылар одағы омарта шаруашылығын жандандыру бағы­тында атқарылатын іс-шара­ларға қатысты арнайы бағдарлама әзір­леді. Бағдарламаның стратегиялық мақсаты – Қазақстанды ірі омарта­шылық державаға айналдырып қана қоймай, соңғы 10 жылда әлемдік жетекші бал өндірушілердің ондығына кіру. Әсілінде, омарта шаруашылығын дамыту еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту жоспарымен байланыстырыла жүзеге асырлуы тиіс. Ұзақмерзімді жоспарымызға сәйкес сортаң топы­рақтардың бір бөлшегіне донник және басқа да балды өсім­діктер (мұндай жерлер 5 млн-ға жуық) егіліп, ауыл шаруашылығы айналымына қайтарылды. Алдағы жылдары ел аймақтарындағы елу ауылда ірі омарталарды құру жоспарланып отыр. Олар ұлттық әрі қазақстандық омарташылық­тың негізі болмақ.

Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Жомарт Молдахметұлы

 

>

Прочитано 843 раз

 
 

 
 
 
 
 
Яндекс.Метрика
?>